Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарлауынша, былтыр 32 адамнан қызылша анықталып, емделді. Ал биыл қаңтар айынан бері өсім байқалып, 173 адам ем қабылдады. Өсім – 3,3 есе, деп жазады inbusiness.kz сайты.
– Қаңтар айынан бастап күні бүгінге дейін 173 адамға қызылша диагнозы қойылды. Олардың 155-і бала. Яғни жасы 14-ке толмағандар. Сонымен бірге біреуі жасөспірім, 17-сі ересек. Қызылша жұқтырғандардың 76,3%-ы екпе алмаған, яғни балалар. Негізгі себебі – медициналық қарсы көрсетілімі бар, ата-ананың қорқынышы, сенімсіздігі. Діни немесе жеке көзқарастар да бар. Вакцина алған балаларда екпеден соң асқыну болмады, кері әсері тіркелмеді. Осыған байланысты ата-аналар мен тұрғындарды балаларын уақтылы вакцинациялауға шақырамыз. Қызылша ауруы асқынса адам отит, ларингит, энцефалит, бронхопневмонияға шалдығып, соқыр болып қалуы мүмкін. Тіпті миы қабынады, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.