Оған 32 ерлі-зайыпты қатысты. Марафонға қатысушыларға қойылған басты талап – ерлі-зайыптылар мәреге қол ұстасып бірге келуі тиіс.
"Біз марафоншыларды спортта белгілі бір көрсеткіші болуы керек деп бөліп-жармадық. Жас ерекшеліктеріне қарай 35 жасқа дейін, 45 жасқа дейін, 45 жастан жоғары деп бөлдік. Ең бастысы отағасы мәреден жұбайын жетектеп жүгіріп өтуі тиіс", – деді Ақтөбе облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.
Марафонға қатысушыларға жанкүйер болуға балалары ере келіпті. Олар ата-аналарына қолдау білдірді.
Жарысқа қатысушылар екі жарым шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Әр жас ерекшелігі бойынша үш топ тағайындалған. Ұйымдастырушылар жүлдеге бесік, тәй-тәй басқан балаға арналған ойыншық, велосипед қойыпты.
Бас жүлдені мәреге бірінші жеткен Ғабит Үмбетов пен Жанат Жалғас жеңіп алды. Ерлі-зайыптылардың отбасын құрғандарына 15 жыл болған.
"Ғабит екеуміз саңырауларға арналған мектепте бірге оқыдық. Сыныптаспыз. Мектепте басталған махаббат үлкен сезімге ұласып,отбасын құрдық. Үш баламыз бар. Осы жарыс туралы Ғабит айтқанда, бірден қатысамыз деп шештік. Екеуміз де – спортшымыз. Ғабит таэквондодан ерлерді, мен қыздарды жаттықтырамын. Спортты сүйеміз. Бүгін жеңетінімізге сенімді болдық", – дейді Жанат Жалғас.
Жарысқа қатысушылардың барлығын ұйымдастырушылар естелік сыйлықтармен марапаттады.