Ақтөбелік кәсіпкер өңір үшін тың кәсіппен айналыса бастады. Бану Тілегенова Шығыс Қазақстан облысынан 150 бас марал әкеліп, шаруашылық ашты, деп хабарлайды 24.kz.
Шығыстан келген 150 марал қытымыр қыстан аман шықты. Алды енді төлдеп жатыр. Кәсіпкердің айтуынша, жануар тез жерсініп, жергілікті климатқа үйреніп кеткен. Өзі кәсіпті бастамас бұрын Шығыс Қазақстанға әдейілеп барып, сондағы шаруашылықпен танысып қайтты. Бизнес жобасын жергілікті билік қолдап, Мәртөк ауданынан 2 гектар жер алады. Кәсіпкерлікті қаржылай қолдау қоры жеңілдетілген несие береді.
"Біз несиенің пайыздық мөлшерлемесіне мемлекеттен субсидия алдық. Бұл дегеніміз, кәсіпкерлер үшін нақты қолдау. Біз өз қаражатымыздан да мол инвестиция салдық. Жалпы аумақтың 700 гектарын қоршап, маралдарды сол жерде ұстап отырмыз. Жабайы жануар болғандықтан, қашып кетуі мүмкін", - дейді Бану Тілегенова.
Жануардың күтімі де жақсы. Шаруашылыққа жақын орналасқан Казанка аулының бірнеше тұрғыны осында жұмысқа орналасып, марал бағып отыр.
Кәсіпкер шаруашылық жанынан 50 адамға арналған сауықтыру шипажайын салды. Шипажайда маралдың мүйізінен алынатын қанмен емдейді.