Ақтөбеде 7 маусым күні Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта Марат Жыланбаев шеберлік сабағын өткізеді, деп хабарлайды аktobenews.kz.
Қалалық спорт бөлімі хабарлағандай, супермарафоншы Марат Жыланбаев 8 маусымда Ақтөбеде өтетін "V Aqtobe CNPC Half Marathon" шарасына қатысады. Ол Жарыстың басталуына бір күн қалғанда – 7 маусым күні кешкі сағат 20:00-де орталық саябақта ақтөбеліктерге шеберлік сабағын ұйымдастырады.
"Жүгіруді ұнататын барлық тұрғындарды аңыз адаммен кездесуге шақырамыз!", – делінген спорт бөлімінің хабарламасында.
Еске сала кетейік, Марат Жыланбаев – бір жыл бойы 226 классикалық марафон жүгірген супермарафоншы. Ол 20 күн бойы Қарақұм шөлінде 1200 шақырымды бағындырған. Әлемдегі ең үлкен шөл Сахараны жүгіріп (1700 км) кесіп өткен. Аустралияның ең ірі шөлі – Үлкен Викторияның үстімен жүгіген (1600 км). Ал Невада шөлі арқылы ол 1218 шақырымды артта қалдырған.