Сәйкесінше, ең көп жемқорлық фактілері – осы салада. Соңғы бірнеше жылда осы салада жемқорлық бабы бойынша 143 адам сотталды. Мемлекетке келтірілген шығын – 11 миллиард теңге. Бұл соманың жартысы өтелген.
Мысалы, Ақтөбеде оқу орнының қаржы қызметкері 1 жыл ішінде өзінің шотына 200 миллион теңге аударған. Алматыда да қалалық мектептердің бірінің бухгалтері 193 миллионға жуық ақша ұрлаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жымқыру фактілері анықталған объектілер бойынша мемлекеттік аудит органдары бұрын тексерулер жүргізген, бірақ қандай да бір себептермен мұндай заңбұзушылықтарды ешкім байқамаған. Кеше ғана Алматы облысы тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы ұсталды. Ол пара алғанын мойындады және қазір айыпталып жатыр", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали.
Сарапшылардың айтуынша, қайтыс болған адамдардың жалақысын аудару қылмысын барлық мектептерде Face-ID жүйесін орнату арқылы шешуге болады. Мектептегі бухгалтерлік есеп жүйелерін Оқу-ағарту министрлігінің базаларымен біріктіру білім беру саласын басқа сыбайлас жемқорлық схемаларынан арылтуға көмектеседі.
"Білім басқармасы бұл бастамаларға қарсы шығады. Мен Face-ID жеткізетін нарық қызметкерлерімен сөйлестім. Олар білім басқармасы бұл нарыққа кіруге мүмкіндік бермейтінін айтты. Себебі білім басқармасының қызметкерлері мектептерде мұғалім қатарында тұр. Олар – уәкілетті орган, мектептерді бақылайды, тиісінше, бірде-бір директор оларға ештеңе айта алмайды", - деді "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
Ал жоғары аудиторлық палата өкілдерінің айтуынша, сыбайлас жемқорлық проблемалары министрліктер мен әкімдіктердің жауапкершілігінің болмауынан туындайды.
"Жалпы сипаттағы трансферттер ретінде берілетін ақша, яғни жергілікті бюджетке түсетін субвенциялардың иесі жоқ және ол жай ғана жергілікті бюджетке айналады. Өңір әкімдігі оларды кез келген мақсатқа жұмсауға құқылы. Тиісінше, жоғары аудиторлық палатаның өкілеттігі жоқ", – деді жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Наталья Годунова.