Ақтөбеде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
"Бүгін мекемелермен 318 бос жұмыс орны ұсынылып отыр. Жұмыс ұсынып жатқандардың дені білім және мұнай саласындағы мекемелер. Өткізіліп жатқан жәрмеңкенің басты мақсаты — жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тығыз қатынас орнату. 2018 жылдың қаңтарынан бастап елімізде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек жүзеге асырылып келеді. Бұл атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне тағайындалады. Жәрмеңкенің нәтижесі бір апта шамасында бергілі болады", — дейді жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Эльвира Жұминова.
Мамандар зейнет жасына жақындап, жұмыссыз жүргендерді қайта оқытуға дайын.
"Заңға сәйкес жұмыс берушілер өз таңдауын жасай алады. Егер азаматтың біліктілігі мен білімі жұмыс берушінің талаптарына сай келмесе жұмыс берушілер ондай жағдайда жұмысқа алмауға құқылы. Қазіргі таңда 50 жастан асқан азаматтарды жұмыспен қамту қиын мәселелердің бірі деп атауымызға болады. Сондықтан осындай санаттағы азаматтарға игерген мамандықтары бойынша жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қысқа мерзімді қайта даярлау курстары қарастырылған. Сондықтан еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға көп көңіл бөлініп отыр. Үш айлық курс аяқталғаннан кейін жұмысқа орналастыру да қарастылған", — дейді Эльвира Жұминова.