Ақтөбеде мұнай тасымалдау фактісі бойынша заңсыз қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

657

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасына биыл кәсіпкерлерден құқықтарын қорғау бойынша 54 өтініш келіп түсті. Оның 16-сы бүгінде оң шешімін тапқан. Қалғаны қаралып жатыр.

Ақтөбеде мұнай тасымалдау фактісі бойынша заңсыз қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды

Мәселен, "ПГС Бестамақ" ЖШС-нің жер қойнауын пайдалануға қатысты, Қазақстандық үздіксіз білім беру қауымдастығының еңбекақы төлеуге қатысты және "Ардагер" шаруа қожалығының "Қазсушар" РМК Ақтөбе филиалына қатысты өтініштері тексеріліп жатыр.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Руслан КУЙШИНОВТЫҢ айтуынша, өтініштердің басым бөлігі логистика, жер, агроөнеркәсіп кешені, әкімшілік кедергілер, лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігіне қатысты.  

– Жақында біз фермерлердің өтініші бойынша ауыл шаруашылығы жерлерін конкурс арқылы алу мәселесі жөнінде шағымдарды қарадық. Бұл мәселеде өте үлкен сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігі көрінеді. Негізінен шағымдар көбіне-көп Алға және Хромтау аудандарынан келіп түседі. Кәсіпкерлер коммерциялық мақсаттағы бос жер телімдері туралы ақпараттан хабардарсыз. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер салық органдарындағы лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне жиі шағымданады, – дейді Куйшинов.

Сонымен қатар кәсіпкерлердің өтініштерін қарау кезінде олардың квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары тарапынан құқықтарының бұзылу фактісі анықталған.

Мәселен, "ҚазТрансГазАймақ" АҚ қызметкерлері нысандарға газ беруге жыл сайынғы келісім алу үшін жылыту маусымы басталар алдында қолданыстағы заңнамада көзделмеген құжаттарды негізсіз сұратқаны анықталды.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде бұл заңсыздықтар тоқтатылып, 350 тұтынушының құқығы қорғалған. Өтініштерді тексеру нәтижесінде прокурорлардың әрекет етуімен 11 кәсіпкердің 9,2 млн теңге көлемінде мүліктік құқықтары қорғалды.

– Бұдан бөлек, "Инабат С" ЖШС-нің мектепке дейінгі білім беру мемлекеттік тапсырысы аясында аударылған қаржыны негізсіз өндіріп алу фактісі бойынша шағым да кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесте қаралып, сотта оң шешімін тапты. Сонымен бірге Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы лауазымды тұлғаларының халықты емханаларға тіркеу мәселесі бойынша негізсіз іс-әрекеттері фактісі бойынша "Абсолют Технолоджи" ЖШС-нің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Сондай-ақ облыс прокуратурасының шаралары бойынша бизнес субъектісіне қатысты құжаттарсыз мұнай тасымалдау фактісі бойынша заңсыз қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл ретте кәсіпкердің осы мұнайдың шығу тегі туралы барлық қажетті материалдары болған, – дейді Куйшинов.

Сондай-ақ төрт мемлекеттік қызметкер кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол берген. Оның үшеуі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олар - көліктік бақылау инспекциясының бас маманы, Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы, Ақтөбе қаласы әкімдігінің бас маманы. Тағы бір лауазымды тұлға – Ақтөбе қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы ҚР ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айнұр Сапарова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу