Ақтөбе қаласында мемлекет қайраткері, экс-премьер Нұрлан Балғымбаевқа ескерткіш тақта ашылды. Тақта өзі еңбек еткен мұнай компаниясының ғимаратында ілулі тұр, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Ақтөбе қаласындағы Жанқожа батыр және Ыбырай Алтынсарин көшелерінің қиылысында мемлекет қайраткері Нұрлан Балғымбаевқа арналған ескерткіш тақта ілінді. Ескерткіш тақтаның ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ел үшін еңбек еткен ерді еске алды.
"Нұрлан Балғымбаев премьер-министр болған кезде Қазақстан экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін үлкен еңбек етті. Біз сондай азаматтарды үнемі еске алып жүруіміз керек. Өкінішке қарай, Нұрлан Өтепұлы өмірден ерте кетті. Міндетінміз – еске алып, болашақ, өскелең ұрпаққа таныту. Ол төрт жылға жуық уақыт Ақтөбеде жұмыс істеді. Ақтөбенің мұнай саласының дамуына еңбек етті", — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ескерткіштің ашылуына інісі Нұрберген Балғымбаев қатысып, ағасының еңбек жолын айтып берді. Сонымен қатар, Нұрлан Балғымбаевпен жұмыс істеген ардагерлер оның қажырлылығы мен адалдығын еске алды.
"Нұрлан Өтепұлы жөнінде екі үлкен кітап шықты. Алда ескерткіштер қойылып, фильмдер түсірілуі мүмкін. Дегенмен, біз батыс өңірінде алғаш болып ескерткіш тақта ашып отырмыз. Еске алсам, Нұрлан Өтепұлы Ақтөбеге тәжірибелі, шыныққан кадр болып келді. Кеңес үкімет кезінде санаулы өндірістік мұнай бірлестігіне бас инженер болып келу кез келгеннің қолынан келмейді. Ақтөбеден Мәскеуге барды, кейін АҚШ-қа барып білім алды, Қазақстанға келіп, еңбек етті", — деді еңбек ардагері Лұқпан Әкімов.
Нұрлан Балғымбаев 2015 жылы 68 жасына қараған шағында көз жұмды. Ол өз еңбек жолын бұрғылаушының көмекшісі болып бастады. Маңғыстау, Атырау, Ақтөбедегі ірі мұнай компанияларында еңбек етіп, Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, ҚР премьер-министрі болды. І дәрежелі "Барыс" орденінің иегері.