Ақтөбеде облыстық бюджет есебінен 5,7 млрд теңге үнемделген

677

Оның басым бөлігін білім саласына жұмсау көзделіп отыр.

Ақтөбеде облыстық бюджет есебінен 5,7 млрд теңге үнемделген

Ақтөбе облысында 2021-2023 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде үнемдеп жұмсау, босаған қаражат пен ішкі резервтер есебінен жалпы сомасы 5 миллиард 702 миллион 278 мың теңге үнемделгені анықталды. Бұл қаражат енді спорт, тұрғын үй, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау, газбен жабдықтау объектілерін, инженерлік желілерді салу, күрделі жөндеу және басқа да басым бағыттарға бағытталмақ, деп жазды  inbusiness.kz.

Облыстық мәслихаттың үш бірдей комиссиясының бірлескен отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Суентаеваның баяндамасынан 5,7 млрд теңге бюджет қаржысының үнемделетіні белгілі болды. Бұл қаражаттан  2 млрд 179 млн 484 мың теңгені тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салуға, газдандыруға, басқа да қажеттіліктерге жұмсау, 121,5 млн теңгені – білім, 588 млн 737 мың теңгені – денсаулық, 110 млн 814 мың теңге спорт, 160 млн 483 мың теңге мәдениет салаларына, 416 млн теңгені – әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсау ұсынылған. 

"Рауан" және "Құршысай" шағын аудандарында қосымша өрт сөндіру бөлімдерін, мектептерді электрмен және газбен жабдықтау желілерін, Ақтөбедегі үстел теннисі орталығын, Қандыағаш қаласындағы ФОК, "Қурайлы", "Құршысай" тұрғын үй алаптарын, "Заречный-2" кентін сумен жабдықтау желілерін салуға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Бұдан басқа, "денсаулық сақтау объектілерін салу және қайта жаңарту" бағдарламасы шеңберінде Әйтеке би ауданының Ұлғайсын ауылында бір ауысымда 30 адам қабылдайтын медициналық пункт, Ақтөбеде 150 орындық мүгедектерге арналған оңалту орталығын және тағы басқаларын салуға қаражат бөлу ұсынылады", – деп хабарлайды Ақтөбе облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Әйтекеби, Байғанин, Мәртөк, Ойыл, Темір аудандарына қарасты бірқатар ауылға газ құбырын жүргізудің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге; Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылы, Ойыл ауданы Қаратал ауылына жүргізіліп жатқан газ құбыры құрылысын аяқтауға қаражат бөлінетіні белгілі болды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу