Ақтөбеде Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы алғашқы замануи онкологиялық орталықтың құрылысы басталды. Оның басты ерекшелігі – обыр дертіне шалдыққан ауруларды ядролық тәсілмен емдеу болып табылады. Жобаның басты инвесторы – АҚШ-тың әйгілі "Дженерал Электрик" компаниясы.
Көпсалалы корпорация бүгінде күрделі медициналық құрылғылар өндірісінің алпауыты болып саналады. Ол тек онкологиялық орталықтың құрылысымен шектелмей, қажетті медициналық кадрларды даярлау және емхананы жабдықтау мәселесін де шешпек. Осы және өзге де мақсаттарға "Дженерал Электрик" компаниясы инвестиция ретінде 5,5 млрд теңге қаражат бөліп отыр. Екіжақты келісімге сәйкес, жаңа орталық 2018 жылы іске қосылмақ. Нәтижесінде қатерлі ісік ауруларын емдеудің озық тәсілдері енгізілетін болады, дейді мамандар.
Әсет Қалиев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
"Позитронды эмиссионды компьютерлік орталық іске қосылғаннан кейін бізде біріншіден радиофарм препараттарын өндіру мүмкіндігі туындайды. Екіншіден, онколгиялық ауруларды клеткалық деңгейде, бастапқы сатыда анықтайтын боламыз. Үшіншіден, жасалып жатқан емнің сапасын болжауға мүмкіншілік аламыз".