Ақтөбе қаласында оқушы өз анасын өлтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Ақтөбе қалалық полициясының кезекші бөліміне пәтерлердің бірінде аса ауыр қылмыс жасалғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен қызметкерлер пәтерден зорлық белгілері бар әйелдің мәйітін анықтады. Сонымен қатар, осы пәтерден пышақ жарақаттары бар қарт әйел медициналық мекемеге жеткізілді. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Тергеу жалғасады, – деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде жараланған әжей ауруханада ем алып жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 71 жастағы қария №1 Ақтөбе қалалық ауруханасының травматология бөліміне жатқызылған. Есін біледі, сөйлей алады және жағдайы тұрақты.
Ақтөбе облыстық Балалардың құқын қорғау басқармасының басшысы Латып Әліби де оқиғаны растады.
– Баланың жасы 16-да. Толық отбасынан және әлеуметтік жағдайы жақсы. Оқу үлгерімі де жақсы. Мінезі тұйық. Қазіргі таңда тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты басқа ақпараттарды жариялай алмаймыз. Ал білім беру ұйымдарында балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар күшейтілді. Осыған байланысты ата-аналардан профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауын, сондай-ақ балаларының тәртібінде, мінез-құлқында қандай да бір өзгеріс болған жағдайда бей-жай қарамай, бақылауда ұстауларын сұраймыз, – деді ол.