Ақтөбеде 4 сынып оқушысы ашық тұрғын құдыққа түсіп кетті. Тереңдегі 2-3 метр болатын құдықтан құрылысшылар алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ықшам ауданында сабақтан соң үйіне бара жатқан оқушы құдыққа түсіп кетті. Қақпағы жоқ, қардан көрінбей қалған құдықтың тереңдігі 2-3 метр болады.
"Оқушы құдыққа түсіп кеткен кезде жанындағы балалар көріп, адамдарды көмекке шақырған. Сол кезде құрылысшылар көмекке келіп, алып шықты. Жәдел жәрдем де шақырылды. 4 сынып оқушысының денсаулығына еш зақым келмеді, сабағын оқып жүр. Негізі мектеп ұжымы апта сайын сенбілікке шығып, ашық тұрған құдық анықталса, Ақтөбе қаласы, Астана ауданының әкімдігіне суретін жібереді. Бұл жағдай мектеп аумағынан тыс жерде болды. Сынып жетекшісі құдыққа түсіп кеткенін естіген бойда барып, жағдайы жақсы болған соң үйіне апарды", - деді М.Дулатов атындағы орта мектеп-лицейінің директоры Дәмелі Қартпағамбетова.
Ата-анасы құдықтың дәл қасындағы жедел жәрдемге барып, баласын қаратып алды. Оқушы өзін жайсыз сезінбегенін, жарақаты жоқ екенін айтып берген.
"Қызым дін аман. Ешкімге шағым жасап, арыз жазбадым. Бірақ қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне телефон шалып, ескерту бердім. Мемлекеттік мекеме "біздің балансымызда жоқ, "Ақтөбе Сәулет" компаниясы жауапты" деп айтты. Аман-сау болған соң шүкір етіп отырмын. Сол күні қызымды құдықтан арқанмен тартып, шығарып алған адамдарға алғыс айтамын",- деді оқушының анасы Айсұлу Қойлыбаева.
Ақтөбе қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, құдыққа жауапты құрылыс компаниясына оны жабу туралы тапсырма берілді.
"Құдық кімге тиесілі екені анықталып, жабылды", - деп хабарлады әкімдік. Алайда құдық талапқа сай қақпақпен емес, құрылыс материалынан қалған ағашпен жабулы тұр.