Оқиға 18 ақпанда Қобда ауданы, Қобыланды батыр атындағы орта мектепте болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бастауыш сыныпта оқитын қыз бала дүкеннен белгісіз тәттіні сатып алып, оны мектепте сыныптастарымен бөлісіп жеген.
Салдарынан балалардың денелері бөртіп, өздерін жайсыз сезіне бастаған. Олардың 9-ы улану диагнозымен ауруханаға жатқызылды.
Сыртында ас шаянының суреті салынған бұл өнімді сыныптағы 7 бала жеген.
Мұғалімдердің айтуынша, өткір иіс бірден бөлмеге тарап, басқа балалар да шағым айта бастаған. Көбі өздерін әлсіз сезінген, денелерінде бөртпелер пайда болған.
Дәрігерлер сыныптағы 23 баланың барлығын ауруханаға жатқызып, тексеріп шықты. Олардың 4-еуін ата-анасы қолхатпен бірден үйлеріне алып кеткен. 10 оқушы бір күннен соң жіберілген. Зиянды тағамды жеген 7-еуінен бөлек иіс тиген тағы 2 балаға улану диагнозы қойылды.
Оқушы қыз сатып алған қытайлық тағам сараптамаға жіберілді. 4-сынып оқыған бөлме залалсыздандырылған, қазір мұнда сабақ өтіп жатқан жоқ.
Тексеру барысында өнімнің техникалық регламенттерге сай таңбалары болмағаны анықталды. Бұл тағам түрі облыстағы екі сауда нысанында болған.