Ақтөбе облысында оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жаңа білім беру жобалары жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Балалар демалыс кезінде цифрлық технологияларды меңгеріп, экологиялық бастамаларға қатысып, түрлі практикалық дағдыларды игеруде.
Солардың бірі – Қобда ауданындағы "Әлия" балалар сауықтыру лагерінде іске асырылып жатқан "ШАБАНДОЗ" жобасы. Бұл – өңірдегі оқушыларға атқа міну мәдениетін үйретуге және жылқы шаруашылығының негіздерін танытуға бағытталған алғашқы мамандандырылған алаң.
Жоба аясында балалар тәжірибелі нұсқаушылардың көмегімен атқа дұрыс мінуді, жылқыны ерттеуді, оған күтім жасауды және жануардың мінез-құлқын түсінуді үйренеді. Сонымен қатар сабақтар арқылы оқушылар қазақ халқының жылқымен байланысты ұлттық дәстүрлерімен жақынырақ танысады.
Практикалық жаттығулар арнайы жабдықталған ипподромда қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып өткізіледі. Мамандардың айтуынша, мұндай сабақтар балалардың жауапкершілігін арттырып, тәртіпке және жануарларға қамқорлықпен қарауға тәрбиелейді.
Жазғы маусым 1 маусым мен 14 тамыз аралығында өтеді. Осы кезеңде жобаға Ақтөбе облысының барлық ауданынан 432 оқушы қатысады. Әр ауысымда 72 бала демалып, олар үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалған.
"ШАБАНДОЗ" жобасы атқа міну сабақтарымен ғана шектелмейді. Лагерьде балалар қолөнер, сурет салу, сабын жасау, шахмат, үстел теннисі, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жаңа дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.