Ақтөбеде Орталық базар ашылды

1067

Оны жапқанмен, жанынан жайма базар пайда болған.

Ақтөбеде Орталық базар ашылды

Ақтөбе қаласындағы Орталық базар карантиннің бітуін күтпестен, 12 тамыз күні-ақ ашылып, жұмысын бастап кетті. Бұған дейін сауда орнының сатушылары базарды ашуын сұрап бірнеше рет бас көтерген еді.

Соңғы рет тамыздың үші күні жиналған кәсіпкерлер жергілікті билік өкілдеріне арыз-шағымын жеткізген. Біріншіден, олар сол күні сауда бутиктерін ашады деген сеніммен тағы да несиеге жүгініп, тауарлар алып қойған. Ал бұған дейінгі жаздық киім-кешектері маусым өтіп бара жатқандықтан сатылмай жатып қалыпты. Екіншіден, сатушылар карантин режиміне қарамастан, кейбір сауда мекемелерінің жұмысын жалғастырып жатқанын айтқан болатын. Өңірдегі ірі сауда желілері "Анвар" мен "Дина" супермаркеттері тамақ сататындықтан жабылған жоқ. Алайда, олардың бұл маңайдағы сауда нүктелеріне адамдардың дәл осы орталық базар арқылы өтіп баратыны жұмыссыз қалған кәсіпкерлердің ашуына тиген сыңайлы. 

"Базармен күн көріп отырған жалғызбасты анамын. Үш балам бар. 42 500 теңгеге тамақ аламын ба, дәрі аламын ба? Ештеңеге жетпейді. Үй алайын деп әкімдікке құжат тапсырғанымда "алпыс мың теңге жәрдемақы аласың, кірісің жетпейді деп шығарып салды. Ал атаулы көмек алайын десем, сауда жасайсың, ақшаң бар" дейді. Мен ештеңе сұрап жатқан жоқпын. Бізге тек жұмыс істеуге мүмкіндік берсе екен", – деп ренішін білдіреді сатушы Жазира Ахметова.

Орталық базарда саудамен айналысатындардың бұған дейінгі кезекті наразылығына келген қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Аманжол Өтеғалиев оларды: "Бұл тек Ақтөбеде болып жатқан жағдай емес. Карантиндік шара елде болып жатыр. Сабырлылық таныту керек",– деп оларды шыдауға шақырған еді.

Белгілі болғандай, қаладағы ірі базарды жабу сол жерден аяқ астынан жайма базардың пайда болуына әкеп соққан. Енді барлық заттар мен бұйымдар, киім-кешектер тікелей тротуардан немесе көліктің капотынан сатыла бастаған. Одан керек затын іздеген тұрғындар да осы маңайға көптеп келіп, санитарлық талап ережелерінің жайына қалғанын көрген қала билігі дабыл қағады. 

Қазіргі күні Орталық базарда тек ірі сауда павильондары ғана жабық тұр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу