Ақтөбеде полицейлер ескі көліктерді анықтау үшін аулаларды аралауды бастады

998

Ақтөбеде полицейлер ескі көліктерді анықтау үшін аулаларды аралауды бастады

Ақтөбеліктер екі ай ішінде 448 ескі көлікті тапсырды. Олардың арасында шетелік автокөліктер де бар. Ал шалғай ауылда тұратындар өткен ғасырда сатып алған көліктерін облыс орталығына жеткізе алмай отыр, – деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Ақтөбеде ескі көліктерді қабылау жұмысы өткен жылдың қараша айында басталды. Екі айда барлығы 448 көлік иесі машиналарын қоқысқа тастаған. Олардың арасында "Мазда", "Ниссан", "Опель" секілді шетелдік көліктер бар. Көбі "Жигули" мен "Москвич". Кейбірі ескі де болса жүріп тұр. Иелері көліктерін қабылау орнына әкеліп, тастап кетіп жатыр.

"Бүгін 40 жыл бұрын сатып алған ескі көлікті тапсырып отырмын. Іші-сырты тозған, бірақ жүріп тұр. Жазда саяжайға барып, қаланың сыртындағы шаруаларымызды тыңдыратын едік. Қазір ақша қажет болып, қабылдау бекетіне өткіздім. Бұл көлікті 150 мыңға бағалады", – деді қала тұрғыны Әділхан Ілиясов.

Ақтөбеде ескі көлік көп. Сондықтан жергілікті билік полиция қызметкерлеріне әр ауланы, саяжайды қарап, қаңтарылып тұрған көлікті анықтауға, иесін тауып, ақпараттандыруға тапсырма берді.

"Жергілікті полиция қызметкерлері қала ішіндегі аулаларды аралап жүр. Олар ескі, жүрмей тұрған көлікті анықтап, оны қабылау бекетіне тапсыруға көндіреді", – деді қала әкімінің орынбасары Нағымжан Алдияров.

Айта кетейік, Ақтөбеде бір ғана қабылдау орны бар. Жаңалықты естіген шалғай аудан, ауыл адамдары көліктерін жеткізе алмай отыр. Қыста жол жоқ, қатынас қиын. Ескі көлікті қабылдайтын компания мобильді топ жұмысқа кірісуі мүмкін екенін айтты. Бірақ олардың қашан жолға шығатыны әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу