Ақтөбе облысының Полиция департаментінің паркі 32 жаңа көлікпен толықты және басым бөлігі учаскелік полиция инспекторларына беріледі. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.
Автокөліктер белгіленген стандарттарға сай, тәртіп сақшыларына қажетті техникалық құралдармен жабдықталған және құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға септігін тигізеді.
"Полиция өкілдері күнделікті қызметінде азаматтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді және олардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев құқыққорғау жүйесі елдегі тұрақтылықтың басты кепілі деп атай отырып, жан-жақты қолдау шараларын қабылдауда. Жергілікті билік органдары да полицияның материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап келеді. Автокөлік, видеожетондар, планшеттер және тағы да басқа қажетті құрал-жабдықпен қамтылды. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге оң әсерін тигізері сөзсіз", — деп атап өтті өңір басшысы Асхат Шахаров.
Бұдан бөлек, патрульдік полиция қызметкерлері 3 квадроциклді саяжай алаптарын, жағалауларды патрульдеу кезінде қолдана алады. Ал "Белорус" тракторы полиция бөлімдерінің аумақтарын абаттандыруға және қызметте басқа да шаруашылық қажеттіліктеріне пайдаланылады.
"Автопаркті жаңарту құқық қорғау саласындағы жұмыстың сапасын арттырады. Оқиға орнына дереу жетіп, шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік жасалды", – деп түсіндірді Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.