Ақтөбеде сәбиін ұрып өлтірген әке сот алдында жауап беріп жатыр

467

Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" бабы бойынша 41 жастағы сотталушыға айыптау актісі оқылды.

Ақтөбеде сәбиін ұрып өлтірген әке сот алдында жауап беріп жатыр

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 4 жасар бала өліміне қатысты іс қаралып жатыр. Балақай Данил Ахуновты әкесі өлтірген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап.

Іс материалына сүйенсек, үшемнің анасы ата-ана құқығынан айырылған соң әкесі оларды сот арқылы өзіне алған. Сөйтіп, сотталушы балаларын анасының үйіне апарып, сонда тұрады.

"Бірге тұрғанда Артур Ахунов пен оның анасы арасында ұрыс болады. Анасы балаларын алып, үйден кетуін талап етеді. 2022 жылдың 1 желтоқсаны күні Ахунов өзінің балаларын "Үміт" сәбилер үйіне апарады. Қызметкерлер сол кезде балалардың денесінің әр жерінде ұрғаннан қалған із бар екенін көреді. Әңгіме кезінде бала өзін әкесі ұрғанын айтқан. "Үміт" сәбилер үйінің қызметкерлері бірден полицияға хабар береді. №1 қалалық полиция бөлімі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша іс қозғады. Алайда, Ахунов одан сабақ алмады. Қалалық білім бөлімі мен №1 қалалық полиция бөлімі өз міндеттерін толық атқармады, баланы алып кетуге асықпады. Салдарынан Ахунов аса ауыр қылмыс жасады", - деді мемлекеттік айыптаушы Әсел Утенова.

Прокурордың айтуынша, 2022 жылдың 23 желтоқсаны күні сағат шашамен 21:00-де Ахунов баласымен бірге жалдамалы пәтерде болған. Бала ауырып, мазасынданған. Сонымен бірге, бауырларының жанына барғысы келетінін айтқан. Ал, бауырлары ол кезде әжесінің жанында болған. Әкесі ашуланып, тергеу кезінде анықталмаған затпен баланы ұрады.

"Алдымен басынан, кейін кеудесінен соққы жасайды. Бала құлап қалып, есінен танады. Ол оқиға орнында көз жұмады. 2022 жылы 24 желтоқсан күні сағат 16:45-те экскаваторды 20 мың теңгеге жалдайды. Ол "құрылыстан қалған қалдықты көмемін" деп айтқан. Сол күні сағат 23:00-де Ахунов қылмысын жасыру үшін екі қабатты үйдің жанына баланың денесін көміп тастайды. Кейін анасына барып, баланың жоғалғанын айтқан", - деді прокурор.

Сот-медициналық сараптама кезінде Данил Ахуновтың бас-ми жарақатынан мерт болғаны белгілі болды. Оның басына қан құйылған. Кеуде тұсынан алған соққы да ауыр болған.

Еске салсақ, оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Марқұм Данил Ахуновтың әкесі баласының жоғалып кеткенін айтып, полицияға хабар берген. Арада екі күн өткенде облыстық ПД баспасөз қызметі баланың денесі табылғанын, онда зорлық белгілері бар екенін хабарлады.  

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу