Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бизнес-иммигрант ретінде кіруге виза алмаған шетелдіктерге заңды тұлға құруға, сондай-ақ заңды тұлғалардың қатысушыларының құрамына кіру жолымен коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуға тыйым салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Алайда, шетел азаматтарымен заңнама талаптарына қайшы, қандай да бір рұқсат құжаттарсыз коммерциялық кәсіпорындар құрылған.
Мысалға, 2020 жылы Украина елінің азаматы тиісті рұқсатсыз (бизнес-иммигрант визасы) мемлекеттік органдарда жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, тіркелген.
Серіктестікпен қызметін жүзеге асыру кезеңінде мемлекеттік бюджетке қандай да бір салық төленбеген.
Айта кету керек, бұл кәсіпорындар жалған мәмілелер жасау және заңсыз алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін құрылады, нәтижесінде бюджетке айтарлықтай салық түспейді.
Прокуратураның қадағалау актісі бойынша мемлекеттік кірістер органдарымен талап беру жұмыстары жүргізіліп, сот органдарының шешімі бойынша заңсыз құрылған 18 коммерциялық кәсіпорын таратылды.