Ақтөбеде шетелден әкелінген 253 бас ірі қара қырылып қалды

598

Бірінші жорамал бойынша мал шөптен уланған. Екіншіден, қасақана улаған болуы мүмкін.

Ақтөбеде шетелден әкелінген 253 бас ірі қара қырылып қалды

Ақтөбеде 253 бас "Ангус" тұқымды ірі қараның көзі жойылып жатыр. Ветеринар мамандар малдың қырылуына байланысты екі жорамалды жариялады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысының Хромтау ауданы Қопа ауылында асыл тұқымды ірі қараның қырылып қалғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. "Актеп" ЖШС-ның директоры Оразақ Самұратов күдіктеніп, полицияға арыз жазғанын мәлімдеді. Ал бүгін облыстық ветеринария басқармасы жағдайды бақылауға алып, мамандар кеңесінен соң малдың қырылуы сап тыйылғанын жеткізді.

"Хромтау ауданының Қопа елдімекеніндегі шаруашылық 18 тамыз күні ірі қараны союға мәжбүр болды. Жарамсыз болып қалған мал басы 253-ке жетті. Оқиға орнына ветеринар мамандар жеберілді. Сойылған мал еті базарға, дүкенге түспей, өртеледі. Өртеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Оқиға орнында санитар мамандар, аумақтың ветеринария инспекциясы мен ветеринария басқармасының мамандары жүр. Бақылау жалғасады. Бірінші жорамал бойынша мал шөптен уланған. Екіншіден, қасақана улаған болуы мүмкін. Негізі барлық жағдай түн мезгілінде болған. Шаруашылық иесі зертхана шешімін күтіп жатыр", - деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев. 

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасы жойылған ангус тұқымды малдың дәл қай уақытта шетелден әкелінгенін айта алмады.

"Жойылған ірі қара мал қазіргі уақытта ұрықтандыруға дайындалып жатқан болатын. Оқиға болған күні мамандар барып, кеңес берді. Улану тез арада тыйылып, өзге мал аман қалды", - деді Кеңес Қанатбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу