Ақтөбе облысында жол апатынан Өзбекстан елінің азаматтары зардап шеккен. Олар қазір ауруханада емделіп жатыр, – деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Оқиға кеше таңғы сағат 07.00 шамасында Қарабұтақ кентінің жанындағы "Самара-Шымкент" автожолының 996 шақырымында болған. Өзбекстан Республикасының азаматтары еліміздің аумағына Түркістан облысы Сарыағаш қаласының "Жібек Жолы" өткізу пункті арқылы келіп, Атырау қаласына жұмысқа бара жатқан. "Toyota Previa" көлігін айдап келе жатқан Атырау облысының 36 жастағы тұрғыны рөлді басқара алмай, оң жағына қарай аударылып кетеді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік жүргізушісі мен сегіз жолаушы Әйтеке би ауданының орталық аудандық ауруханасына түрлі дене жарақатымен жеткізілген.
"Қазіргі күні ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігі "көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", – деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Айта кетейік, тек қана шілде айында Ақтөбе облысының жолдарында 32 жол-көлік оқиғасы болып, одан 7 адам қаза тауып, 34 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Құралай Қуатова