Ақтөбеде ситком жанрында алғашқы сериал түсіріліп жатыр

1019

Әзірге телехикаяға "Welcome to Aqtobe" деген атау берілді.

Ақтөбеде ситком жанрында алғашқы сериал түсіріліп жатыр

"Ақтөбе" телеарнасы ситком жанрында сериал түсіріп жатыр. Алқышқы маусымы 10 бөлімнен тұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz.

Алғашқы сериал студенттердің өмірін, жастар арасындағы сезім мен достыққа негізделген. Идея авторы – Азамат Айнағұлов, режиссері – Марат Телеуов, ал сценарий авторы – Өркен Мұқақов.

"Телехикая қазақ тілінде түсіріліп жатыр. Әр бөлімі 20 минуттан тұратын 10 бөлім түсіріледі. Алдағы уақытта бірнеше маусымын түсіру жоспарда бар. Актердің бәрі ақтөбелік. Түсірілім басталды. Оқу жылы соңында эфирге беру жоспарланып отыр", – деді "Қазақстан" РТРК" Ақ АО филиалының директоры Ернұр Бурахан.

Телехикаяның бюджеті коммерциялық құпия күйінде қалды. Ал студенттер жатақханасы ретінде жасақталған екі бөлме телеарнаның жертөлесінде болып шықты.

"Студенттердің жатақханасына арналған екі бөлмені дайындауға дизайнер емес, өзіміздің арнаның қызметкерлері жұмыла кірісті. Бірі тұсқағаз әкелсе, бірі перде тасыды", – деді Е.Бурахан.

Ал режиссер Марат Телеуов өңір жастар үшін бар күшін салып, жарқ ете қалатын сәт туды деп есептейді.

"Біз республикаға көрсетуге болатын туынды дайындауымыз​ керек. Сөйтіп Ақтөбеде, ақтөбеліктердің қатысуымен телехикая түсіруді қолға алдық. Түсірілім алаңындағы жастар да барын салып жатыр. Жастар жылы болған соң инвесторларды қолдауға шақырамын. Бұл қаржылық, сонымен қатар қандай да бір ғимаратты жалға беру секілді көмек болуы мүмкін. Кейбір кәсіпкерлер актерлерге киім-кешек берді", – деді ол.

Режиссер бұл телехикаяны өзгеге ұқсатудың қажеті жоқ екенін еске салды. Жастардың өмірі, достық пен сатқындық, махаббат пен адалдық та шынайы өмірден алынған.

"Барлығы 180 адам кастингке қатысты. Басты рөлде 8 кейіпкер бар. Әлеуметтік желі арқылы хабарлама берген кезде жастар көп жиналды. Сонымен қатар, "Х кейіпкер" болады. Бұл саясатта, өнерде, бизнесте жүрген белгілі адамдар болуы ықтимал", – деді идея авторы Азамат Айнағұлов.

Айта кетейік, әзірге телехикаяға "Welcome to Aqtobe" деп атау берілді. Бірақ кино түсірушілер атау беруде ұтқыр ұсыныстарды қабылдауға әзір.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу