Ақтөбеде сотталған азаматты марапаттады

1159

Ол  баланы судан құтқарып қалған.  

Ақтөбеде сотталған азаматты марапаттады

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінде есепте тұрған 18 жасар сотталған Айбар С. ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды. Бұл оған  өз өмірін қатерге тігіп, суға батып бара жатқан сәбиді құтқарғаны үшін берілді, - деп жазды inbusiness тілшісі.

Оқиға осы жылдың 28 мамыр күні Ақтөбе облысында болған. Қарғалы өзені бойымен серуендеп келе жатқан сотталған Айбар суға батып бара жатқан баланы көреді. Ойланбастан суға секірген ол жағадан шамамен 2 метрдей қашықтыққа жүзіп барып, баланы судан алып шығады. Баланы жағаға әкеле жатып "Жедел жәрдем шақырыңдар" деген Айбардың жанұшырған айқайын естіген сол маңдағы 15 жасар жасөспірім оған көмекке келеді. Екі батыр баланың жүрегіне массаж жасап, жасанды жолмен тыныс алдырады. Сәлден соң жеткен жедел жәрдем дәрігерлері бүлдіршіннің өмірін құтқаруға дер кезінде көрсетілген алғашқы медициналық көмектің себепкер болғанын айтады.

"Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған Айбар бұл іс- әрекетімен пробация инспекторларымен жүргізілген психологиялық және әлеуметтік-құқықтық жұмыстардың нәтижелі болып, өзінің түзелу жолына нық тұрғандығын дәлелдеді. Оның мінезі жайлы, пробация қызметтерімен ұйымдастырылатын кез-келген волонтерлік іс-шараларға белсенді қатысады және ол өзінің еріктілер қатарында екенін тағы бір айқындап берді",- дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Жанна Досимова.

Жуырда Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі басшылығының бастамасымен және өңірдегі "Volonter.2020 Aktobe" қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен пробация есебінде тұрған Айбардың ерлігі еленіп, оған сыйға планшет табыс етілді.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу