Ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжарқынов студенттерге тағы сый жасады. Кәсіпкер бұл жолы жоғары оқу орнын бітірмей отбасы құратын жастарға тойларын өткізу үшін мейрамхананы тегін бермек, деп хабарлайды аktobenews.kz.
"Мейрамхананың атын "Қазақ" деп қойдық. Біз өз дәстүрімізді дамытуымыз керек. Мейрамхананың ішін ұлттық оюлармен безендірдік. Бұл жерде студенттерге жеңілдік жасалған. Жас жұбайлар тойларын тегін өткізе алады. Студенттер үшін тек той ғана емес, туған күн не атаулы мерекелік шаралар болсын жалға беру ақшасы алынбайды", — дейді Ербол Байжарқынов.
Мейрамхана 200 орындық. Ғимаратта той жасаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Шаштараз, келіншек көйлегін алмастыратын арнайы бөлме, күту залы, компьютермен жабдықталған зал қарастырылған. Мейрамхананың ерекшелігі — жас жұбайлар жеделсатымен бірден той залына көтеріле алады.
Кәсіпкер осыған дейін студенттер тегін тамақтана алатын асхананы іске қосқан болатын. Жиырма жылдан бері қайырымдылықпен айналысып келе жатқан ақтөбелік кәсіпкер алдағы уақытта да түрлі шаралар ұйымдастыратынын айтты.