Себебі жолды су шайып кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірде күн күрт жылып, арты жаңбыр, қарға ұласты. Салдарынан қала көшелерін су басты.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі жолды су шайып кеткен.
"6 наурыздан 7 наурызға қараған түні "Қарауылкелді-Оймауыт" автожолының 63 шақырымында жол шайылып, Миялы, Оймауыт және Дияр елдімекендеріне баратын тікелей жол жабылды. Еріген су ағыны төмендеген кезде қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Ауыл тұрғындарын азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Сондай-ақ 7 наурыз күні таңертең Байғанин ауданының Ноғайты ауылына кіреберіс жол жартылай шайылды. Ноғайты елдімекеніне жол қатынасы тоқтатылды. Мұнда жолдың жамылғысын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дүкендер штаттық режимде жұмыс істеп тұр, азық-түлік қоры жеткілікті. Елдімекен арқылы теміржол өтеді, Ноғайты стансасы жақын орналасқан. Жағдай облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жеке бақылауында", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Су тасқыны кезеңі басталған сәттен бері Ақтөбе қаласының, сондай-ақ облыстың бірнеше ауданының тұрғындарынан 410 өтінім келіп түсті. Ақтөбе қаласында осы кезеңде келіп түскен 295 өтінімнің 280-і пысықталды. Тәулік бойы қала көшелерінде 120-дан астам техника жұмыс істеп жатыр. Бір тәулікте 16 мың текше метрден астам су сорылды, шамамен 2 шақырым арық тазартылды, 42 текше метр инертті материалдар әкелінді.
Жалпы өңірде еріген қар суын сору жұмыстарына 500-ден астам адам, 143 бірлік техника және 33 мотопомпа тартылды.