Қазақстандықтардың көбі Ақтөбеде су тасқынынан зардап шеккендерге қажетті дүниелерді емес, өздеріне қажетсіз болған киім-кешектерін жіберген, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Себебі қайырымдылық шарасы аясында жеткізілген киімдердің жартысынан астамы жыртық, кір, әрі киюге жарамсыз. Оларды қоқысқа тастаудан басқа амал жоқ. Мұндай деректі "Актобе-Таймс" интернет басылымы келтіреді. Мәселен, қайырымдылыққа келген заттардың ішінде 300 келіден астам тұз бар, ал ет жоқ. Мақалада келтірілген дерек бойынша, іріктеліп алынған заттар (4 кілем, 2 төсеніш, 20 көрпе және т.б заттар) 200 адамға таратылған. Оларды адамдарға үлестірмес бұрын химиялық тазартуға беруге тура келген.
Ал азық-түлікпен қамтуға негізінен Қызылорда облысы көмектескен. Өңірден келген 7 "КамАз" көлігі 8,5 тонна ұн, макарон және күнбағыс майын жеткізген. Ақтаудан көмек екі "Газель" көлігімен жеткен, онда киім-кешек және аздаған азық-түлік болған. Сондайақ, басылым дерегі бойынша, Алматыдан 1 газель аттанған, бірақ ол әлі Ақтөбеге жетпеген.
Мән берерлік бір жайт, көмекке келген заттардың ішінде тұз өте көп: он келілік он қап, 25 келілік 4 қап, тағы 600 қорапша тұз жіберілген. Табиғат апатынан зардап шеккендерге ақтөбеліктер азық-түлікпен көмектескен. Ал "Қолғанат" қоры 100 миллион теңге қаржы жинап берген. Ол ақша зардап шеккен тұрғындарға қалай үлестірілетіні әзірше белгісіз. Айта кетейік, су тасқынынан өңірде 3000 адам зардап шеккен.