Ақтөбеде өзін нашар сезінген ер адам автобус ішінде есінен танып қалды. Жедел жәрдем шақырылғанымен, ол жеткенше 57 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"8 қараша күні Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылындағы "Сәке" мейрамханасы жанынан шақыру түсті. Шақыру кезінде адамның ес-түзсіз жатқаны айтылды. Шақыру сағат 07:56-да болды. Сағат 07:58-де жедел жәрдем жіберіліп, олар шақыру орнына 08:10-да барды. Науқас С. Кияшбаев жәдел жәрдем бригадасы жеткінше көз жұмды. Өлімнің себебі белгісіз. Мүрде полиция қызметкерлеріне берілді", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.