Бұл туралы төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның шұғыл отырысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов мәлімдеді.
Қазір Ақтөбе қаласы аумағындағы саяжайларда 283 үйді су басты. 734 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Тұрғындар көшеде қайықпен жүр. Қала әкімі су тасқынына қарсы шаралар жүзеге асырылып жатқанымен, қауіп сейілмей тұрғанын айтты.
"Ең басты мәселе – су басқан, су басу қаупі бар аймақтардағы халықты қауіпсіз жерге көшіру, олардың мүлкін сақтау", – дейді қала әкімі.
Оның айтуынша, қала аумағында су тасқынына қарсы жедел іс-шара жалғасады. Су басқан учаскелерге арнайы техниканың көмегімен инертті материалдар тасымалданып жатыр. Арнайы көліктер қайтар жолда тұрғындардың мүліктерін тиеп әкетіп жатыр. Барлығы 150-ден астам техника жұмылдырылды.
"Су басқан аймақтарда тұратын адамдарды қауіпсіз жерге көшіретін орталықтар арнайы ұйымдастырылды. Үш тәуліктен бері орталық нақты көмекті қажет ететін адамдарды қабылдап жатыр. Орталықта адамдарға жатын орын мен ыстық тамақ ұйымдастырылған. Бүгінгі күні орталық әлі де 300 адамды қабылдауға мүмкіндігі бар", – дейді Ілияс Испанов.
"Қазсушар" Ақтөбе филиалының директоры Бекзат Наметовтің айтуынша, мұндай жағдай Ақтөбеде осыдан 19 жыл бұрын болған.