Ақтөбеде түнгі клубта адам өлтіргендерге үкім шықты

430

Судья оларға 2,5 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Ақтөбеде түнгі клубта адам өлтіргендерге үкім шықты Фото: Inbusiness.kz

Екі жігіттің өліміне қатысы бар 16 адамның ісі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Үкімді тыңдауға келгендердің көптігі сондай, сот залында ине шаншар орын болмады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін сотталушыларға адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау, жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс туралы хабарламау, ауыр және аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу деген айыптар тағылды.

Жүз томнан астам қылмыстық істің материалында 2022 жылдың 25 қазанында "Миллиардер" түнгі клубында сотталушылар бұзақылық жасай отырып, төрт жәбірленушіні пышақпен, таяқпен ұрып соққаны айтылады. Ауыр соққының салдарынан 27 және 31 жастағы жігіттер қайтыс болған. Олар Ақтөбеге армрестлингтен өткен жарысқа қатысу үшін келген екен.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты ішінара мойындап, адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау, қылмыс туралы хабарламау, қылмысты жасырып қалу пиғылдары болмады дегенімен, судья 13 сотталушыға 2,5 мен 4,5 жылға дейін, екеуіне 15 пен 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ал 17 жастағы кәмелетке толмаған жігітке екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындап, оны сот залынан босатты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу