Ақтөбеде турфирма саяхатшыларды 219 млн теңгеге тақырға отырғызған

260

Қазіргі уақытта 17 адам алданғанын айтып, полицияға шағым түсірген.    

Ақтөбеде турфирма саяхатшыларды 219 млн теңгеге тақырға отырғызған Фото: Inbusiness.kz коллажы

Ақтөбеде турфирма жергілікті тұрғындарды алдап, шетелде демаламыз деген жоспарын бұзған. Жалпы шығын – 219 млн теңге. Азаматтар құзырлы органдардың араласып, ақшаларының қайтарылуын талап етіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Kursiv.kz порталына сілтеме жасап.

"Біз Антальяға 5-13 тамыз аралығына жеті күнге тур сатып алдық. Алматыдан ұшып шығуымыз керек еді. Отбасымызбен келдік, билетті жібереміз деген. Бірақ ұшуға бір күн қалғанда турдың күші жойылды деп хабарлады. Ал мен ол фирмаға 2 млн теңгеге жуық ақша төлегенмін", – дейді туристік фирмадан зардап шеккен клиенттің бірі Асылбек Дүйсенбеков.

Туристердің көбі Асылбек тәрізді Алматыға барып, тур болмайтынын сол жерде білген. Кейбірі бұған дейін дәл осы агенттікпен шетелге барып демалып жүрген.

Қазір олар саяхат жолдамаларын бөліп төлеуге алып, ақшасын әлі күнге дейін төлеп жүр. Клиенттердің айтуынша, басында менеджерлер "мәселені шешіп береміз" деп уәде берген. Ал кейін телефонды да көтермей, хабарламаларға да жауап бермей қойған.

Қазір алданған адамдар бірігіп, полицияға шағымданып жатыр. Кейбір клиенттер турфирма иесін жеке таниды екен.

Полиция қазір ол әйелдің қайда тығылып жүргенін іздестіріп жатыр. Алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу