Ақтөбеде тұрғындар далада қаламыз ба деп алаңдап отыр

300

"Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен алған үйлері апатты болып, елуге жуық отбасы уақытша баспанада тұрып жатыр.

Ақтөбеде тұрғындар далада қаламыз ба деп алаңдап отыр Фото: inbusiness.kz

Ақтөбенің Есет батыр ауданындағы төрт қабатты екі үйдің тұрғындары көктемде баспаналарының іргетасы отырып, қабырғада сызат түскенін айтып дабыл қақты. Жаңбыр жауса шатырдан аққан су әбден мезі еткен. Кейін арнайы комиссия төрт қабатты екі үй апатты жағдайда деген шешім шығарып, тұрғындарын уақытша баспанаға көшірді. Енді қайда барамыз деген халықты қалалық әкімдіктегілер сабырға шақырып, салынып жатқан көпқабатты үйден пәтер беретінін айтты. Содан бері апатты үйдің тұрғындары әлі күтіп жүр.

"Уақытша баспанада тұрып жатқанымызға бес ай болды. Ол пәтерлер негізі "Бақытты отбасы" бағдарламасымен кезекте тұрғандарға берілуі тиіс. Бізді уақытша апарды. Қыркүйектің төрті күні құрылыс бітеді, содан кейін үйлеріңізге кіресіздер деді. Жиһаз, басқа заттарымыздың бәрін сол бұрынғы тұрған үйімізге қалдырып кеттік. Тек шамалы төсек-орын мен ыдыс-аяқты ғана алдық. Жаңадан салынып жатқан үйдің бітетін түрі байқалмайды. Еш жұмыс жүріп жатқан жоқ, бригада да жоқ. Жаздың басында қалай, әлі солай тұр. Енді бір аптадан соң оқу жылы басталады. Балалар мектепке баруы керек, біз болсақ, әлі үй-күйсіз жүрміз",- дейді Гүлнұр Ысқақова.

Әкімдік апатты үйдің орнына береміз деген жаңа пәтерлер 2017 жылдан бері салынып жатқан көпқабатты үйден берілуі тиіс. Қалалық құрылыс бөліміндегілердің айтуынша, ол төртінші санатты, яғни эконом-класс пәтерлер болып саналады.

"Құрылыс жұмыстары жоспарланған кестеге сай жүріп жатыр. Қыркүйектің 20-сында аяқталуы тиіс. Қазір үйдің ішкі жұмыстары, қабырғаны майлау жұмыстары және фасадты бояп жатыр. Барлығы 150 пәтерлі үй болады",- деді Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Бауыржан Жантөрин.

Ал апатты үйдің құрылысын жүргізген мердігер компанияны әкімдік сотқа берген. Келтірген шығын көлемін 400 млн теңгеге бағалап, оны толық өтеуге талап-арыз түсірді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу