Ақтөбе облысында қызық жағдай болды. Егістік алқапқа біреу тегін сәбізді көптеп төгіп кеткен. Тегін өнімге қызыққан қала тұрғындары сол жерге жиналып, сәбізді қап-қабымен жинай бастаған. Алайда көп ұзамай егіс басына тәртіп сақшылары мен трактор келіп, көлік сәбізді қайтадан жерге көме бастайды. Айдалада бос жатқан көкөністі қызғанды деп ойлаған ақтөбеліктер реніш білдіріп, бейнетаспаларын әлеуметтік желіге жүктеген.
Кейін полицейлерді жер иесінің өзі шақырғаны белгілі болды. Ол шіри бастаған сәбізді көміп тастау үшін апарып тастаған екен. Ал жиналған адамдардың ол арада темекі шегіп тұрғанын көріп, үйіліп тұрған шөбінің өртеніп кетуінен қорыққан.
"Бұл оқиғаға полиция қызметкерлерінің қатысы жоқ. Бізге "Пригородный" ЖШС басшылығы шағым жасады. Шөптің жанында темекі шеккен, яғни қауіпсіздік талаптарын сақтамаған адамдармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргіздік", – дейді облыстық порлиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. Оның айтуынша, ролик авторы ешқандай жауапкершілікке тартылмайды.
Құралай Қуатова