Ақтөбеде ұлттық валютадағы несиелердің үлесі артты. Жыл басынан бері шағын және орта бизнеске теңгемен берілген несиенің көлемі 128 млрд 100 млн теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 97,1%-ға жоғары. Ал шетел валютасымен берілген несиенің жалпы көлемі небары 12 млрд теңгеге жуықтапты.
Мамандардың айтуынша, банк кредиттерінің ең үлкен сомасы сауда, өнеркәсіп және құрылыс салаларына тиесілі. Осы үш саланың дамуына 67,5 млрд теңгеге жуық қаражат құйылыпты. Есесіне сауда саласында 2,2 есе, ал құрылыс саласында 5,2 есе өсім байқалып отыр. Сондай-ақ, банктердің экономиканы шетел валютасында кредиттеуі бойынша негізгі берешектердің көлемі 27,3%-ға азайған. Бүгінде доллар және евролай алған несиелік қарыз 41 млрд 600 млн. теңгені құрап отыр.
Перизат Әсімбетова, ҚР ҰБ Ақтөбе облыстық филиалының директоры: "2017 жылғы қаңтар-маусымға облыс банктері жалпы сомасы 139,9 млрд. теңгеге кредит берді, өткен жылмен салыстырғанда 90,9% өсу байқалады. Бұл көрсеткіш 2016 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 90,6% өскен. Ұлттық валютада кредиттер 128,1 млрд теңге сомасында берілді - 97,1% өсім".