Ақтөбеде үш ай бұрын жөнделген асфальт жарылып кетті

490

Биыл көпқабатты үйлердің ауласының асфальтын жаңалауға бюджеттен 831 млн теңге бөлінген.

Ақтөбеде үш ай бұрын жөнделген асфальт жарылып кетті Фото: inbusiness.kz

Тургенев көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласын жуырда  ғана жаңалапты. Тұрғындар асфальт төсейді дегенде қатты қуандық дейді. Өйткені, жол жабындысы әбден ескірген екен. Алайда толассыз жауған жаңбырдан асфальт жарылып жатқанын айтады.

"Осы жерде  учаске басшысы жүр екен, жұмыстары сапасыз жүріп жатқанын айттым. "Тяп-ляп" төседі де, бетін битуммен сылай салды. Көзбояушылық қылды. Бұл жерге ертең қар жауып, су жиналады да, қатты аязда шытынап, асфальт быт-шыт болады. Сондай болмас үшін,  мына аумақты кесіп алып, көнесін сыпырып тастап, қиыршық тас, сосын битум төсеуі керек. Мынау жарамайды!" дейді Тургенев көшесінің тұрғыны Қайрат Тіналин.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер жарылып кеткен асфальт бөлігін мердігер қайта жаңалайтынын айтты.

"Жарылып кеткен бөлігін кесіп алып, қайтадан салатын болады. Ол жұмыстар мердігер компанияның есебінен жүргізіледі. Әрі екі жылдық кепілдік мерзімі бар. Егер жол жабындысы жаңбыр, не қар суымен еріп кетсе,  оны компания жөндеуге міндетті",- деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Жансерік Төлешов.

Көпқабатты үйлердің ауласын абаттандыру  қарқын алғанымен, оның сапасына сын айтатындар көп. Мысалы, Сәңкібай батыр даңғылында тұратындар ортақ ауланың жартысына асфальт төсеп, жартысы жөндеусіз қалғанын айтады. Тұрғындардың  шағымынан кейін ғана, жаңалауға көшкен. Ақтөбеде биыл 100 ауланың асфальт жабындысы ауыстырылуы тиіс. Қазір  57-сі жаңаланған, қалғанын қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу