Веложол құрылысы мәселенің талқыланып жүргені бірінші рет емес. Жоба бірнеше жылға жоспарланған. Құны – 1 млрд теңгеден астам. Мердігер тек биылдың өзінде 600 млн теңге сомасын игеруі тиіс. Бас-аяғы 8 шақырым жолды салып біткен. Бірақ қала тұрғындары әлеуметтік желіде сапасына қатысты көп шағып айтты. Халықтың пікірінен кейін қала әкімінің орынбасары бастаған бір топ қалалық мәслихат депутаты, велоқауымдастық мүшелері нысанды тексеруге шықты.
"Қаладағы веложолдың ұзындығы 52 км созылады. Негізі бұл құрылыс үш жылға жоспарланған. Жолдың бір тұсы – 1,5, кей жерде 1,20 метр болады. Қай жерде ені аз, сәйкесінше ұзынырақ болады. 2022 жылға бюджеттен 600 млн теңге бөлінді. Бірақ осы айға қарастырылғаны – 180 млн теңге. 312-атқыштар дивизиясының бойында төселген веложолда үш ақаулық анықтады. Біріншіден, мердігер құрылыс жүргізгеннен кейін қоқысын жинамай кеткен, екіншіден, кіреберіс жолдарды тиянақты "жаппаған", ал үшінші олқылық-жолдар үзік-үзік. Соны жоюға тапсырма бердік. Күнделікті бақылаймыз", – дейді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Дамир Көбенов.
Айтылған сынмен мердігер де келісіп отыр. Дегенмен бұрын-соңды Қазақстанда мұндай технологиямен ешкім веложол салмады деп сендірді.
"Біздің компания АҚШ-тың технолгиясын Қазақстанға әкеліп жатқан алғашқылардың бірі деуге болады. Бетонды төсеудің бұл тәсілі – өте берік, әрі қоспаның есебінен кез-келген аязға, ыстыққа шыдас береді, берік. Иә, сынап жатқандар бар екенін білеміз. Көбіне велосипедшілер мына жолдың түсетін тұсы ыңғайсыз деп жатыр. Осы жерде біз жұмысты сатылап жасайтынымызды айтқым келеді. Бірінші этапты аяқтадық. Енді екіншісінде сол үзік-үзік қалған тұстарын жалғаймыз. Бірден жалғап кетуге техникалық тұрғыдан шамамыз келмеді. Айтылған сыннан нәтиже шығарамыз", – дейді мердігер компанияның өкілі Самат Қосжанов.
Қалалық мәслихат депутаттары болса, веложолдар қала үшін өте қажет деген пікірде.
"Веложол қала үшін маңызды, керек дүние. Тұрғындармен талқылап, пікірлерін естідік, қажет болды. Не себепті 312-атқшытар дивизиясынан бастап салды дегенге келсек, бұл жерде көлік ағыны көп, әрі негізгі трасса. Әрі өндірістік аймақ, зауыт жұмысшылары қатынайды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін керек деп санаймын.Жобаны талқылағанда велоқауымдастық өкілдерінің де пікірі ескерілді", – дейді Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Сұлтан Асанов.
Веложобаның құрылысы 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс.
Зада ЗЕЙІН