Ақтөбеде жалған жарнамамен үлескерлерді адастырған 16 компания айыппұл төлейді

219

Бүгінде Ақтөбеде 11 обьект бойынша проблема бар.

Ақтөбеде жалған жарнамамен үлескерлерді адастырған 16 компания айыппұл төлейді Фото: canva.com

Ақтөбе облысы бойынша құрылыс жұмысын жүргізетін 16 ЖШС әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл компаниялар үлескерлерді шақырып, әлеуметтік желілер арқылы құрылысы бітпеген тұрғын үйлер туралы жарнама берген. Талап бойынша жергілікті атқарушы органда тіркеуде тұрған компания ғана үлескерлерден ақша ала алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша қазір үлескерлер мәселесін шешу өзекті проблемаға айналған. Сондықтан өңірде "Ақтөбе құрылыс компаниясы-2023" ЖШС құрылды. Бұл компания "сақалды құрылыстар" мен үлескерлер мәселесін шешумен айналысады.

– Бүгінде Ақтөбеде 11 обьект бойынша проблема бар. Сол 11 нысанда 26 көпқабатты үй бар. Қазіргі кезде 3 нысандағы 15 үйді инвесторлардың қаржысымен салып бітіруді жоспарлап отырмыз. Бұл дегеніміз - 268 пәтер. Қалған обьектілер бойынша тергеу аяқталып, сот өтіп жатыр. Мәселен, Алаш орда тұрғын үй кешеніне қатысты соттың бірінші сатысы аяқталды. Алайда тараптар апелляциялық шағым түсіріп жатқанын білеміз. Үлескерлер енді Тұрғын үй құрылыс кооперативін құрады. Сот түгел аяқталып, үкім күшіне енген соң барлық активтер Тұрғын үй құрылыс кооперативіне өтіп, "Ақтөбе құрылыс компаниясы-2023" ЖШС-не беріледі. Кейін компания жоба дайындап, сараптамадан өткізеді. Содан соң ғана құрылыспен айналысамыз. Құрылыс инвесторлардың көмегімен жалғасады немесе жергілікті бюджет қаржысына жүргізіледі, – деді "Ақтөбе құрылыс компаниясы-2023" ЖШС директоры Нағымжан Алдияров.

Ақтөбе облыстық құрылыс бақылау басқармасының хабарлауынша, Ақтөбе қаласындағы құрылыс компаниялары алдын ала келісімшартқа отырып, әлеуметтік желі арқылы жарнама беруін үдеткен.

Яғни, әлі құрылысы бітпеген, қолданысқа бермеген үйді жарнамалап, адамдарды жаңылыстырып жатыр.

Бұл ҚР "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңнамасының талаптарына қайшы әрекет.

Биыл мына компаниялар әкімшілік жауапқа тартылды:

1. "Саулет Курылыс Сервис-2007" ЖШС

2. "СМП Групп" ЖШС

3. "НС Актобе Жилой Групп" ЖШС

4. "Бахиткурылыс ЛТД"

5. "СК 8-Строй" ЖШС

6. "Grand Complex" ЖШС

7. "Concrete Beton" ЖШС

8. "CK Sapa Qurulys" ЖШС

9. "КаскадСервис" құрылыс компаниясы" ЖШС

10. "Asar Group-2030" ЖШС

11. "А. С. Стройгаз" ЖШС

12. "Batys City Company" ЖШС

13. "Talimar" ЖШС

14. "Первый квартал" ЖШС

15. "Сатым Групп" ЖШС

16. "Маяк ЛТД" ЖШС

Айта кетейік, іс Әкімшілік кодектің 320 және 463-баптары бойынша қозғалды.

Компанияларға 300 АЕК (1 107 600 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Егер бір апта ішінде өтесе, айыппұл сомасының 50% шегеріледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу