Ақтөбеде жалғызбасты аналар несие алушы үміткерлер тізімінен алынып тасталды

603

Ақтөбеде жалғызбасты аналар мемлекеттік бағдарламаға енбей қалған жалғызбасты аналар жанайқайларын жеткізді.  

Ақтөбеде жалғызбасты аналар несие алушы үміткерлер тізімінен алынып тасталды

Айтуларынша, барлығы толық емес отбасы санаты бойынша баспана кезегіне тұрыпты. Кейін "Бақытты отбасы" бағдарламасына қатысып көруге ниет білдірген. Ондағы мақсаты – ипотекамен үй алу екен. Алайда арманымыз орындалмай қалатын болды деп алаңдаулы. Өйткені биыл бағдарламаға өзгерістер енгізілген. Жалғызбасты аналар несие алушы үміткерлер тізімінен алынып тасталған. 

– "Бақытты отбасы" бағдарламасына 2019 жылы тапсырып көріп едім, ол кезде өтпей қалдым. Өйткені табысым жетпеді. Содан бұл бағдарлама үш жылға созылады дегесін, биыл тағы үміттеніп көрдім. 20 маусымнан бастап байқау жарияланды деді. Оған толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар, сосын көпбалалы ата-аналар қатыса алатын болды. Осы үш санаттағылар құжаттарымызды тапсырдық. Нәтижесін екі ай күттік. Бізге жеке кабинетімізге ҚР ИИДМ-нен толық емес отбасын тізімнен алып тастады деген шешім келіп тұр екен. Енді біз осы санаттағыларды "Бақытты отбасы" бағдарламасына қайта қосуды сұраймыз. Не себепті бізді қатыстырмайды? Онсыз да біз ешқандай жеңілдік алып отырғанымыз жоқ. Былай қарағанда, балаларымыздың әкесі де, шешесі де- өзіміз. Оларды асырау үшін 2-3 жұмыста жасаймыз. "Шаңырақ" деген бағдарламаға қатысуға болады деп айтып жатыр, бірақ ол қалтамызға салмақ. Ол жерде 5 пайыздық несие, оның бізге қажеті жоқ, – дейді жалғызбасты ана Айгүл Жалғасбаева.

Кәмелет жасына толмаған екі бірдей баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Гүлсана Мағзымбетова да  жалғызбасты аналарды тізімнен алып тастаса, оларға арнап баспаналы болдың оңтайлы бағдарламасын жүзеге асыруды сұрайды. Мысалы, жаңа салынған үй емес, ескі үйлер нарығындағы пәтерлерді несиелеу жағын қарастырса деген ұсыныстарын айтты.

– Жалғызбасты анамын. Жолдасым 2016 жылы қайтыс болды. Осы бағдарламаға қатысу үшін, ілігу үшін бес жерде жұмыс жасаймын, зейнетақы шотыма да аударып жатырмын. Тізімнен алып тастағаны туралы алдын-ала хабарлама да болған жоқ. Ескерткенде бұл программаға қатыспай, басқаларына қатысатын едік. Өйткені бір бағдарламаға  қатысатын болсаң, екіншісіне қоспайды.  Біздің  қалауымыз – асыраушысынан айрылған, жалғызбасты аналарды "Бақытты отбасы" бағдарламасына үміткерлер санатына  кері қайтарып, үй алу үшін несиені екі пайыздық үстемемен берсе екен. Біз тегін үй сұрамаймыз, – дейді Гүлсана Мағзымбетова.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің мәліметінше, қала бойынша баспана кезегінде 26 мың адам тұр. Олар алты санат бойынша іріктеледі. 3 500 адам – толық емес отбасы санаты бойынша кезекке тұрғандар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу