Ақтөбеде 26 жасар тұрғыннан мефедрон салынған 100 түйіншек табылды, деп жазады inbusiness.kz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
14 қазан күні есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мақсатты жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында қаладағы даңғылдардың бірінде 26 жастағы екі азаматты тоқтатты.
"Олардың бірінің қолсөмкесінің ішінен жасыл түсті ұнтақ зат салынған 100 дана көлеміндегі түйіншек табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат аса ірі көлемдегі мефедрон синтетикалық психотроптық заты екені анықталды. Табылған заттың қара нарықтағы бағасы – 2,7 млн теңге", - делінген хабарламада.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің бірі ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабының тәртібінде уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.