Бас Прокурор Берік Асылов "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының" қызметі тексерісінің нәтижелері туралы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz Бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.
Прокурорлық тексеріс кезінде бюджет қаражатын жымқыру және жоғары бағамен сапасыз медициналық техниканы сатып алу фактілері анықталды.
"Ақтөбе облысындағы медициналық орталық жылжымалы шұғыл медициналық көмек кешенін (жедел жәрдем) кедендік құнынан 4 есе артық бағамен сатып алынған. Нарықтық бағасы 16,6 млн теңге болса, орталыққа 72,9 млн теңге жұмсалған. Мұндай жағдайлар Алматы қаласында, Ақмола, Атырау, Қарағанды, Қостанай, ШҚО, БҚО, Жамбыл және Павлодар облыстарында да кездесті. Тексеріс нәтижелері бойынша прокуратура заң бұзушылықтарын жою туралы 208 ұсыну енгізді. 405 адам тәртіптік және әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - деп атап өтті ол Бас прокуратураның алқа отырысында.
Қадағалау ведомство басшысының айтуынша, медициналық бұйымдарға бағаны қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмау қажет.
Алқа отырысында кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдау процесін автоматтандыру, медициналық бұйымдарды сараптау тетігін қайта қарау, медициналық жабдықтарды қадағалау жүйесін енгізу ұсынылды.
Ақпаратқа сәйкес, жиын соңында Берік Асылов облыс прокурорларына мемлекетке келтірілген шығынды өтеуге қол жеткізуді, билікті асыра пайдаланған адамдар үшін қылмыстық жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етуді тапсырды.