Ақтөбеде жүзден астам құрылысшы 4 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр

364

Олар мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан көп қабатты үйлердің ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысқан.  

Ақтөбеде жүзден астам құрылысшы 4 айдан бері жалақыларын ала алмай жүр Фото: Әзиз Жанұзақ

Компанияның жалпы берешегі 135 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлады Inbusiness.kz.

Жұмысшылар бұған дейін серіктестік басшысына бірнеше мәрте барып, маңдай терлерімен тапқан ақшаларын беруді сұраған. Алайда одан нәтиже болмапты. Айтуларынша, әрқайсысына серіктестік 500 мың мен 2-3 миллион теңге аралығында беру керек. Қазір көбі несиелерін төлей алмай, қарызға батқан.

"Біз жеке кәсіпкер ретінде "Ақтөбе сәулет" компаниясымен келісім-шартқа отырып, жұмыс алған едік. "Есет батыр" шағын ауданында тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынып жатыр. Сол жерде 30-дан аса бригада жұмыс істедік. Міне, 3-4 ай өтті күтіп келе жатқанымызға. Олар әлі салынбаған үйге ақша күтіп отырмыз, ақшаларыңды содан береміз дейді. Сонда олар ойламай ма екен, 3-4 ай бойы біз не істейміз? Бала-шағамызды қалай асыраймыз?", - деді шағымданған жұмысшылардың бірі Ақылбек Сағидоллаев.

Тоғыз қабатты үйлердің құрылысы 2023 жылдың соңында аяқталып, ол нысандарды әкімдік толықтай қабылдап алған. Компанияға қаражат толықтай аударылған. Белгілісі – серіктестік ол ақшаны жұмысшылардың айлығын төлеуге емес, алдағы уақытта салынуы тиіс үйлерге қажетті құрылыс материалдарын алуға жұмсап қойған. Оны серіктестік директорының орынбасары Қарлығаш Зарлыққызының өзі де мойындады.

"Қазір директорымыз жоқ, іссапарға кетіп қалды. Әкімдік бізге ақшаны былтыр жыл соңында төледі. Ол қаржыға материал алынды. Енді жалақыны алдағы мейрамнан кейін береміз деп отырмыз", - деді ол.

Жұмысшыларды мұндай жауап қанағаттандырмайды. Өйткені, көбінің компания басшылығына сенгісі жоқ. Сондықтан Еңбек инспекциясына арызданған.

"Біз тексеріп, не себептен бере алмай жатқандарын білеміз, анық-қанығына жетеміз. Заң бұзушылық анықталған жағдайда нұсқама беріп, айыппұл салып, үстемесімен қоса алып беруге әрекет жасаймыз", - деп уәде берді Еңбек инспекциясы басшысының орынбасары Талғат Есқарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу