Ақтөбеде жылу беру нысандарын жөндеу және қайта жаңғыртуға биыл 5 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қаржыны жергілікті жылуды тарататын компания облыстық бюджеттен және Еуропа қайта құру және даму банкі тарапынан алып отыр. Енді жыл соңына дейін 280 мың шақырымдық құбырдың 50 пайызы толығымен жаңартылып, 8 жылу қазандығы қайта жөнделмек. Бұл қызмет көрсету сапасын жақсартып, тұтынушылар тарапынан шағымын азайтатын болады деп күтілуде.
Айта кетсек, бүгінде 500 мың тұрғыны бар облыс орталығы 2030 жылы миллион халқы бар қалаға айналады деген жоспар бар. Сондықтан инфрақұрылымды қазірден бастап сайлаған жөн, дейді мамандар.
Айтпай Дауылбаев, "Трансэнерго" АҚ бас инженерінің орынбасары:
"Қала халқының тез өсуіне және құрылыстың тез өсуіне байланысты біз де, өзіміздің мекемемізде, жұмыстар жүргізіліп, ақшалар бөлініп жатыр. Мысалы үстіміздегі жылы 3 миллиард теңге өзімізден жылу жүйелері мен қазандықтарды реконструкция жасауға бөлініп отыр. Сонымен қатар "Ақтөбе Сити" мөлтек ауданына қазандықты үлкейтуге 1,8 млрд теңге бөлініп отыр".