Ақтөбе облысының экологиялық мәселелерінің бірі ретінде ауаның күкіртсутегімен ластануы жатады, деп жазады inbusiness.kz.
Оның сөзінше, ауаның күкіртсутегімен ластануына ескірген тазарту құрылыстары мен кәріз стансаларының сапасыз жұмысы себеп.
"Ең басты экологиялық проблеманың бірі – Ақтөбе қаласының атмосфералық ауасының күкіртсутекпен ластануы. Облыстың экология департаменті жүргізген мониторинг нәтижелеріне сәйкес күкіртсутек шығындыларының негізгі көздері анықталды. Оларға қалалық кәріз желілері, кәріз тазарту имараттары, кәріз сорғы станциялары кіреді. Ақтөбенің кәріз тазарту имараттары осыдан 40 жыл бұрын пайдалануға берілген. Яғни, атмосфераның күкіртсутекпен ластануы кәріз желілерінің ескіруі мен сәйкес келмеуінен, сондай-ақ кәріз тазарту имараттарының тиімсіз қызметінен туындап отыр", - деді ол.
Сенатор аймақтағы ауаны ластаушылардың қатарына "Қазхром" компаниясының Ақтөбе ферроқорытпа зауытын да жатқызады. Оның сөзінше, мұнда қоршаған ортаға шекті рұқсат етілген зиянды шығарындылар нормативтері асып түседі, өндіріс және тұтыну қалдықтары дұрыс есепке алынбайды.
"Тағы бір экологиялық мәселе – Елек өзенінің ластануы. Бұл Ақтөбе хром қосындылары зауытының іске қосылуымен тікелей байланысты", - деп атап өтті Сенат депутаты.
Бауыржан Қаниев Үкіметтен ауаның ластануын шекті рұқсат етілген концентрация деңгейіне сәйкестендіру үшін қалалық кәріз желілерінде катализаторларды белсенді пайдалануды қамтамасыз етуді сұрады.
"Шұғыл түрде жаңа кәріз тазарту ғимараттарын салуды қолға алып, міндеттемелерді орындауға қатысты өнеркәсіптік кәсіпорындарға бақылауды күшейтуді, Елек өзенін хром мен бордан тазарту бойынша тиісті іс-шараларды қабылдауды сұраймыз",- деді ол.