Ақтөбедегі бірегей зауытта жұмысшыларын қысқартпайды

880

Ақтөбедегі бірегей зауытта жұмысшыларын қысқартпайды

Ақтөбе рельс-арқалық зауыты мен облыс әкімдігі, кәсіподақ бірлестігі жұмыс орындарын, өндіріс өнімінің көлемін сақтау, арттыру туралы үшжақты меморандумға қол қойды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.

Ақтөбе рельс-арқалық зауытында 800-ге жуық жұмысшы бар. Әлемдегі бірегей өндіріс орнында өткен жылы 76 миллирад теңгенің өнімі өндірілген. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, зауыт басшылығы мен аумақтық кәсіподақ бірлестігі үшжақты меморандумға қол қойды.

"Ақтөбе рельс-арқалық зауыты қазақстандық бренд. Зауыт – үздік бестікке кіретін, инновациялық өндіріс орны. Елбасы Қазақстан экономикасындағы Ақтөбе үлесін арттыруды тапсырды. Өкінішке қарай, 2012 жылдан бастап үлес төмендеп келеді. Бірақ 2016 жылы өсім бар. Осы жолмен әрі қарай жүруіміз керек. Әсіресе, жаңа өндіріс орындарын іске қосып, инновациялық технологияны енгізу үлесін арттыра түсуіміз керек",- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Оның айтуынша, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты өткен жылы 76 миллиард теңгенің өнімі өндірді. Қазіргі уақытта Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстанмен арада келісім бар. Орташа жалақы 220 мың теңге.

"Мұнайшыларымыз да мұндай жалақы алмайды. Бірақ босаңсуға болмайды. Келер жылы өнім көлемін екі есе ұлғайту қажет. Сол кезде қосымша жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, қазақстандық үлесті арттырып, ірі өндіріс орнының жанынан шағын және орта бизнесті дамыту қажет",- деді Б.Сапарбаев. Өңір басшысы ірі өндіріс орнының басшылығы кәсіподақ ұйымын құрып, ұжымдық келісім шарт жасауды тапсырды. Айта кетейік, кәсіпорын өткен жылы жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін 300 миллион теңге жұмсады.


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу