Ақтөбедегі бірқатар БАҚ "Баспасөз үйінен" көшеді

834

Жаңа жылдан бастап жалға алу құны өскен.  

Ақтөбедегі бірқатар БАҚ "Баспасөз үйінен" көшеді

Ақтөбеде 2018 жылы салтанатты түрде ашылған "Баспасөз үйі" меншік иесіне қайтарылды. Онда орналасқан аймақтың бұқаралық ақпарат құралдары жақын күндері басқа жерге көшірілмек, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Төрт қабатты, көлемі 6,8 мың шаршы метр ғимарат бұған дейін ғасырға жуық тарихы болса да тұрғылықты жері болмай, көшіп-қонып жүрген редакциялардың тұрақты мекеніне айналады деп күтілген еді. Оның үстіне "Баспасөз үйінің" берілуі облыстық "Актюбинский вестник" басылымының 100 жылдық мерейтойымен қатар келіп, барлық сән-салтанатымен ашылған. Ғимаратта "Ақтөбе", "Актюбинский вестник" газеттері, "Үштаған", "Адырна" журналдары мен "Ақтөбе ньюс" ақпараттық сайты, одан бөлек баспасөз орталығы, музей, кітапхана, медиамектеп жұмыс істеді.

"Облыстық екі газет пен "Үштаған" журналын біріктіретін "Ақтөбе Медиа" ЖШС меншік иесі "А-Полиграфия" ЖШС болып табылатын ғимаратта орналасқан еді. Келісім-шартқа сәйкес, "Ақтөбе Медиа" ЖШС 2021 жылы меншік иесіне айына 2,5 млн теңге жалға алу құнын төлеп отырды. Алайда осы жылғы қараша айында "А-Полиграфия" ЖШС 2022 жылдан бастап жалға алу құны 4,372 млн теңгеге дейін өсетіні жөнінде ескерту хат берді. Мұндай жағдайда бір жылға шаққандағы жалға алу құны 57 млн 464 мың теңге құраған болар еді. "Ақтөбе Медиа" ЖШС даму жоспарында ондай қаражат қарастырылмаған. Сонымен бірге шығындарды оңтайландыру мақсатында ЖШС басшылығы келесі жылдан бастап басқа ғимаратты жалдауды ұйғарды", – деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, басылымдар  қаладағы "Aqtas" бизнес-орталығына көшіп бармақ.

Айта кетейік, "А-Полиграфия" ЖШС-ның 45 пайыз үлесі Аслан Мусинның ұлы Асылбек Мусинге тиесілі болған. 2020 жылы қалалық сот қайтыс болған ұлының мұрасын арызданушыға қайтару жөнінде шешім қабылдайды. Содан кейін "Баспасөз үйіндегі" редакциялар "жекеменшік" деп санап келген ғимаратты жалға алуға мәжбүр болған.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу