Ақтөбедегі "Бұхара-Орал" газ құбырынан үшінші желіні тартуға 34,5 млрд теңге қажет

627

Энергетика министрі Болат Ақшолақов Ақтөбе тұрғындармен кездесті. Жүздесуде еліміздегі, оның ішінде өңірдегі мұнай-газ саласын дамыту жобаларымен бөлісті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ақтөбедегі "Бұхара-Орал" газ құбырынан үшінші желіні тартуға 34,5 млрд теңге қажет

Атап өтейік, Ақтөбе облысы мұнай өндіру көлемі бойынша еліміздегі төртінші өңірге жатады. Үлесі жалпы көлемнің 6%-ын алып отыр. Қазіргі кезде өңірде 17 компания қара алтын өндіруді жүзеге асырады. Мұнай өндіру және мұнай сервистік компанияларда барлығы 23 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – облыстағы еңбекке қабілетті тұрғынның 6%-ы.

Атап айтқанда, өңірде 45 кен орны бар. Барлығы 48 келісімшарт жасалған, оның ішінде барлауға – 8, барлау мен өндіруге – 23, өндіруге – 17 келісімшарт. Өндірілетін мұнай қоры – шамамен 225 млн тонна, ал газ қоры (еркін газ және газ бүркеуіндегі газ) – 103 млрд текше метр.

Биыл Ақтөбе және шекаралас Атырау мен Қызылорда облыстарында орналасқан 5 жер қойнауы бойынша аукцион өткізілді.

Министр Болат Ақшолақовтың айтуынша, АИ-80, 92-93 бензинін бөлшек саудада өткізу, сондай-ақ дизель отынына шекті бағаларды мемлекеттік реттеу сақталады.

"Газдандыру саласына келер болсақ, Ақтөбе облысы ел бойынша алдыңға қатарлардың бірінде тұр. Шамамен 92,7% немесе 840 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізген. Энергетика министрлігі газдың шекті көтерме сауда бағасын бекітеді. Дегенмен соңғы бағаны Ұлттық экономика министрлігі қояды. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 1 текше метр газ – 11,57 теңге, ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы үшін – 9,26 теңге", – деп атап өтті өз сөзінде Болат Ақшолақов.

Биыл Энергетика министрлігі 18 жобаны жүзеге асыруға 6,8 млрд теңге бөлді. Жыл қорытындысы бойынша 14 елді мекенді немесе 9,6 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарланған. Болат Ақшолақов газ тасымалдау жүйесі құрылысына қатысты жобаларды да айтты.

Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында 2 магистральдық газ құбыры, яғни "Жаңажол-Ақтөбе" және "Бұхара-Орал" бар. Сұраныс артқан кезде көгілдір отынды үздік тасымалдау үшін "Бұхара-Орал" магистральдық газ құбырынан үшінші газ құбырын салу көзделді. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Жобаның жалпы құны – 43,4 млрд теңге. Облыс әкімдігі 34,5 млрд теңге сомасына өтінім берді. Бұл бюджеттік өтінім қаралып, бюджеттік заңнамаға сәйкес Қаржы министрлігіне жолданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу