Бүгін кондитерлік дүкен мен дәмханаға келген тұтынушылар күнде өздері көріп жүрген сатушылар мен даяшыларды танымай қалды. Өйткені барлығы дерлік қызыл матадан тігілген оюлы киім киген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компания басшылығы ерекше киім үлгісін дайындау үшін біраз уақыт дизайнерлермен ақылдасып барып қана бір шешімге келгендерін айтты.
"Біз өрнекті кеудеше мен белдемше және оюлы тақияны таңдап алып отырмыз. Ақтөбе қаласының өзінде18 дүкеніміз, екі үлкен цехымыз бар. Орал, Алматы, Астана қалаларында да дүкендеріміз жұмыс істеп тұр. Енді қызметкерлеріміздің барлығы жыл бойы осы киім үлгісімен жүреді. Әріптестерімізге кеңесім - ұлттық құндылықтан қашпау керек", - деді компания өкілі Венера Ережепова.
Жаңа жұмыс киімі қызметкерлердің де көңілінен шықты. Олар бұл жаңашылдықтың ұлттық киім күнімен тұспа-тұс келгеніне ерекше қуанышты.
"Жұмыс киіміміз өте әдемі екен. Ұнады. Келушілердің де көңілінен шығып жатыр. Өзім де күнделікті өмірде, әсіресе той-томалаққа барғанда ұлттық нақышта тігілген киімдерді жиі киюге тырысамын. Сондықтан жаңа жұмыс киімімізді көргенде ерекше қуандым", - деді қызметкерлердің бірі Замира Серікқызы.