Ақтөбедегі қыздар төбелескен үш мектептің директоры қызметінде қалды

1010

Оларды жұмыстан шығарған білім бөлімінің басшысына қатаң сөгіс берілді. 

Ақтөбедегі қыздар төбелескен үш мектептің директоры қызметінде қалды

Ақтөбе облысы Темір ауданындағы төбелеске қатысқан оқушы қыздар оқитын үш мектептің директоры жұмыстан босатылмайтын болды. Ал оларды жұмыстан өз еркімен кетуге арыз жазуға итермелеген аудандық білім бөлімі басшысына қатаң сөгіс берілді. 

Айта кетейік, 20 қыркүйек күні Темір ауданындағы Кеңқияқ, Сарыкөл, Шұбаршы ауылдарындағы 9 сыныпта оқитын бірнеше қыз өздерінен бір сынып төмен оқитын қызды тепкілеп, ұрып-соққан болатын. Соған байланысты бейнежазба қоғамда үлкен пікірталас тудырды.  

Іле-шала аудан деңгейінде құрылған комиссия қыздар оқитын мектептердің басшыларын кінәлі етіп шығарады. Алайда, бұл шешім де көпшілік тарапынан  сынға ұшырайды. Біріншіден, оқиға жексенбі күні болған, екіншіден, бұл жерде мектеп директорынан гөрі ата-ананың жауапкершілігі басым екені анық. 
Қазіргі күні аудандық комиссия жұмысына көңілі толмаған облыстық білім басқармасы үш директорды да жұмысына қайта қабылдаған. 

"Оларды жұмыстан шығаруға негіз болу керек. Ол үшін зерделеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Аудандық білім бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмеген. Мектеп директорлары лауазымдық міндеттерін дұрыс орындалмаған жағдайда ғана шара қолданылады", – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Темірдегі қыздардың төбелесіне байланысты нақты шешім алдағы аптада айтылады. Әзірге, оған қатысқан он қыздың ата-анасының жұмыс орнына білім басқармасы тарапынан хат жолданған. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу