Бір аптадан соң Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға қатысты сот үкімі шығады. Бүгін сотталушылар соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
"Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға байланысты қылмыстық іс бойынша бүгін сотталушылар соңғы сөзін айтты. Сотталушылардың соңғы сөзін тыңдаған судья кеңесу бөлмесіне көшті. Бірнеше қылмыстық құқықбұзушылық жасағандары, оның ішінде террористік актісін жасауға тікелей қатысқандары үшін айыпталған сотталушылар соңғы сөзінде жасаған қылмыстары үшін өкініп, соттан өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұрады. Сотталушылар Айдос Жұбанов пен Азамат Әбдірахманов соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Бұл сотталушылар терроризм актісіне тікелей қатысқандар. Ал қылмыс туралы хабарламағандары және қылмысты жасырып қалғандары үшін айыпталған сотталушылар сотта өкініп, оларды бас бостандығынан айырмауды сұрады. Бұл жерде қылмысты жасырған Рустам Гацаев тағылған айыптар бойынша оны ақтауды сұрады", – деді облыстық соттың баспасөз қызметкері Илиада Досова.
Айта кетейік, 28 қараша күні сот үкімі шығады. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушылар лаңкестік оқиғаға қатысып, қолына қару алған 9 сотталушының жетеуін өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
"Жарыссөз кезінде мемлекеттік айыптаушылар лаңкестік оқиғаға тікелей қатысып, қолдарына қару алған 9 сотталушының жетеуін өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады. Олардың мүлкі тәркіленіп, ерекше режимдегі түзету колониясында жазасын өтеуі қажет деді. Ал сотталушы А.Жұбановты 25 жылға, А.Әбдірахмановты 22 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң режимдегі түзету колониясында жазасын өтеу сұралды", – деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Мемлекеттік айыптаушылар біле тұра ақпарат бермеген 18 сотталушыны айыпты деп танып, 13-ін 6 жылға, төртеуін 4 жылға, біреуін 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қылмыскерлерді жасырып, пәтер жалдап берген Мирлан Ердауовты 4 жылға бас бостандығынан айыру, Үсен Өтеповті 4 жыл бос бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.