Балалардың игілігіне резиденция орналасқан аумақтағы екі қабатты қонақ үй ғана беріледі екен. Оның жалпы аумағы - 500 шаршы метр. Ол резиденция тұрған аумақтың төрттен бір бөлігін құрайды. Ал қалған нысан – "Казхром" ТҮК" АҚ балансында тұр.
"Резиденцияда 2008 жылы салынған екіқабатты қонақ үй бар. Ол – мемлекеттің меншігі. Сол үйді балалар үйіне беру мәселесі шешілуде. 500 шаршы метр аумақтың шамамен 40 пайызы - тұрғын бөлмеге арналған. Егер балалар тәулік бойы тұратын орынға айналдырсақ, ол кезде бала саны 25-тен аспауы керек. Қалған аумақ шаруашылық мақсатта қолданылуы тиіс, ереже солай. Қазір "Казхром" АҚ-мен жер бөлу жұмыстары туралы келіссөздер жүріп жатыр. Себебі, екіқабатты ғимаратқа кіріп-шығатын бөлек жол салынуы тиіс. Одан бөлек, балалар ойын алаңы болуы тиіс",- деді Ақтөбе облысы әкімінің іс басқармасы басшысының орынбасары Тимур Рыскелдин.