Тура он күн бұрын Бейбарыс Ыбыраев пен Рүстем Нығметов мінген тікұшақ оқу-жаттығу кезінде Сарыжар ауылы маңында құлаған еді.
Әуе апатынан екі офицер жарақат алып, тағы бір ұшқыш Батыр Оразымбетов оқиға орнында көз жұмды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кәсіби үш ұшқыш басқарған Ми-8-дің ақауы болған көрінеді. Мұндай болжамды Қорғаныс министрлігінің өкілдері айтты.
Бір ажалдан аман қалған әскерилердің денсаулығында қазір еш кінәрат жоқ дейді дәрігерлер. Жақын күндері көкке көтеріліп тікұшақ басқара берсе болады деп отыр.
"Диагнозы: қосалқы жарақат, ми шайқалған. Денесі соғылған. Күйік те бар. Жағдайы қанағаттанарлық болғаннан кейін алтыншы тәулікте ауруханадан шығарылды. Әрі қарай өзі амбулаториялық ем алады", – дейді Ақтөбе облысы ауруханасының бөлім меңгерушісі Мақсат Оразжанов.